Қазақстан Сыртқы істер министрі Пәкістан Президентімен кездесті
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Исламабадқа ресми сапары барысында Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардаридің қабылдануында болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Кездесуде А.Зардари соңғы жылдары қол жеткізілген екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өзара тиімді серіктестікті нығайту үшін жан-жақты кооперацияны әрі қарай ілгерілетудің маңызына тоқталды.
М.Нұртілеу Астананың Исламабадпен жан-жақты байланысты нығайту ниетін растап, екіжақты диалогты тереңдетуге ықпал ететін әлеуетті жобалар туралы хабардар етті.
– Қазір елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық қатынастарда оң үрдістерді байқап отырмыз. Қазақстан Пәкістанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді Сыртқы істер министрі.
Бұл тұрғыда тараптар көлік-логистикалық байланыстарды дамытуды қоса алғанда сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету маңызды екенін айтты.
Екіжақты білім беру бастамаларын қолдау арқылы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуды қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық қатынастарды үдемелі дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге, Мұрат Нұртілеу Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өткізді. Негізгі назар саяси диалогты кеңейтуге, экономикалық байланыстарды нығайтуға және жаһандық форматтағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге аударылды.
Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, соның ішінде 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдау туралы хабардар етті.
– Астана екіжақты және өңірлік алаңдарда өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға дайын. 33 жылдан астам уақыт ішінде елдеріміз мазмұнды саяси диалогты қолдап, өзара сенімге, ашықтыққа және гуманитарлық байланыстарға негізделген берік қатынастар орнатты, – деп мәлімдеді ол.
Өз кезегінде Ш. Шариф Орталық Азия мемлекеттерімен, атап айтқанда Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты. Тараптар саяси диалогты қолдауға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады, сондай-ақ өңірлік қатынастар архитектурасын нығайтуға уағдаласты.
Кездесу соңында Пәкістан Премьер-министрі Қазақстан-Пәкістан қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, олардың мазмұнды дамуын одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан астанасы Исламабад қаласына ресми сапармен барды.
Пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстанның Орталық Азияға, Ресейге, Еуропаға және Қытайға жол ашатын маңызды қақпа екенін атап өтті. Өз кезегінде Пәкістан Африкамен, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азиямен жерүсті саудасына жол ашады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Пәкістан арасында инвестициялық қатынастардың қай бағытта өрбитінін айтып берді.