Қазақстан Сыртқы істер министрі Түркия Президентінің қабылдауында болды

Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Анкараға ресми сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған қабылдады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Сұхбат барысында Реджеп Тайип Ердоған екіжақты ынтымақтастықтың кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде қарқынды дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, екі ел арасындағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды жан-жақты дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркия Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан-Түркия бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 8-ші отырысына қатысты. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның тең төрағалығымен өткен отырыс барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік, IT, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР СІМ

Ермек Көшербаев Түркияның Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

— Осы орайда өзара сауданы жоғары әлеуеті бар салаларда, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері бағытында арттыру бойынша практикалық қадамдарды жандандырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Қазақстан түрік тұтынушылары үшін сапалы азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі бола алады, — деді Көшербаев.

Отырыста инвестициялық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі түрік инвестицияларының Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Түркияның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асса, Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы 2,2 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл – түрік инвесторларының Қазақстанға деген сенімінің және елде инвестициялық қызмет жүргізуге қолайлы жағдайлардың бар екенінің айқын дәлелі.

Фото: ҚР СІМ

Сондай-ақ, Ермек Көшербаев түрік серіктестерінің назарын инвесторлардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыруға бағытталған заңнамалық базаны жетілдіру бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға аударды. Атап айтқанда, қазір инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, тұрақтылық кепілдіктері, субсидиялар мен гранттар, сондай-ақ инвесторлар үшін арнайы визалық режимді қоса алғанда, кең ауқымды преференциялар ұсынылып отыр.

Тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың түрлі аспектілерін де талқылады. 2023 жылы орын алған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою мақсатында бауырлас түрік халқына көмек көрсету жөніндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Осы жұмыс аясында Қазақстан ағымдағы жылы Газиантеп провинциясында мектеп құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек отырыста Қазақстан мен Түркияның халықаралық күн тәртібі бойынша ынтымақтастығы және көпжақты форматтар аясында өзара қолдау көрсету мәселелері қаралды. Көшербаев түркі интеграциясы Қазақстанның көпжақты дипломатиясындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Биыл Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін өткізу жоспарланса, Түркияда кезекті 13-ші Саммит өтеді. Өз сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі алдағы кездесулердің маңыздылығына назар аударды.

Фото: ҚР СІМ

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркияның сыртқы істер министрліктері арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. Өткен келіссөздердің қорытындысын шығара отырып, тараптар оның нәтижелеріне қанағаттанушылық білдіріп, Қазақстан Сыртқы істер министрінің Анкараға сапары Қазақстан мен Түркия арасындағы дәстүрлі берік байланыстардың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Бұған дейін Президент Ермек Көшербаевқа экономикалық дипломатияны күшейтуді тапсырған еді.