Қазақстан Словакиямен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Словакиямен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытады. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Словакия мен Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы біз инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді ратификациялауды аяқтадық. Сондықтан бұл біздің инвестициялық байланыстарымызды одан ары нығайтуға тың серпін беретін болады деп санаймыз», - деп атап өтті ол.

Елші деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта елімізде қазақстандық-словакиялық бірлескен 25 компания энергетика, құрылыс, денсаулық сақтау сынды салаларда табысты жұмыс істеуде.

«Мұнан бөлек, біз Словакиямен туризм саласында бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырмыз. Словакияда әдемі жерлер өте көп. Біз туризм саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түсетін боламыз. Сондықтан бүгінгі кездесуге қатысушылардың жемісті келіссөздер өткізуіне тілектеспін», - деді Әбдікәрімов.

Айта кетерлігі, бүгін елордада Словакия Республикасы Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчактың Қазақстанға сапары өтуде. Сапар аясында екі елдің бизнесмендері кездесіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылау үстінде.