Қазақстан СІМ Сербияда қаза тапқан қазақстандық әйелдің өлімін растады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Белградта қаза тапқан Қазақстан азаматының ісін бақылауға алғанын мәлімдеді.

Фото: ҚР СІМ

29 шілде күні қаза болған қазақстандықтың әкесі әлеуметтік желіде қызының Сербияның Белград қаласына жұмыс істеуге барғанын және оның із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Оның айтуынша, қызы байланысқа шығуын тоқтатқан.

Келесі күні әкесі қызының қаза тапқанын мәлімдеді. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, бойжеткен Белградтағы тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап кеткен.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматының қаза болғанын растады. Ведомство бұл жағдайды ерекше бақылауға алған.

– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан азаматшамыздың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлады.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық және құқықтық қолдау көрсетіп жатыр. 

Бұған дейін, ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер берген еді.