«Буяр Османи мырза екеуміз экономикалық серіктестіктің өрісін одан әрі кенейту мемлекеттеріміздің мүддесіне сай екенін мәлімдеп, өзара тығыз жұмысты жалғастыру қажет деп топшыладық. Бұл ретте, сауда айналымының оң динамикасы құпталды. 2022 жылдың нәтижесі бойынша екіжақты сауда айналымы 5,5 есе өсті. Салыстырмалы түрде көлем аз болғанмен, оның болашағы зор. Қазірдің өзінде біздің еліміздің экспорт көлемін арттырып, екіжақты сауда айналымын 350 млн долларға жеткізу мүмкіндігі бар», - деді Мұрат Нұртілеу елордада Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасымен кездесу барысында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Солтүстік Македонияның өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын.
«Солтүстік Македонияның халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонмен күрес, сондай-ақ шекара қауіпсіздігі сияқты мәселелерге ерекше назар аударатынын қоштаймыз», - деді М. Нұртілеу.
Айта кетейік, қазақстандықтар Солтүстік Македонияға визасыз қатынуы мүмкін.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордаға Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы Буяр Османи ресми сапармен келді.