Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметі «Газпром» компаниясымен «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы маңындағы («Карасуль» компрессорлық станциясы) газ құбырымен байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
— Бұл Қазақстанның солтүстік өңірлерін — Петропавл және Көкшетау қалаларын, сондай-ақ Астана қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге және газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің мәліметінше, өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында өткен Петербург халықаралық газ форумы аясында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында тиісті меморандумға қол қойылған.
— Меморандум Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жаңа магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыруды көздейді. Жоба аясында 2030 жылдан бастап Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Астана қаласын газбен жабдықтау үшін Ресей газын 6,3 млрд текше метрге дейін жеткізу мүмкіндігі қарастырылған, — деді ол.
Жоба аясында ұзындығы шамамен 540 шақырым болатын магистральдық газ құбырын салу жоспарланған.
Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Ресей тарапымен келіссөздер жалғасып жатыр.
— Түпкілікті уағдаластықтарға қол жеткізілгеннен кейін және солтүстік өңірлерді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген соң, тауарлық газды жеткізу шарттары мен магистральдық газ құбырының бағыты айқындалатын болады, — деді вице-министр.
Еске салайық, Қазақстанды газдандыру деңгейі 64%-дан асқан.