Қазақстан СПЕКА елдеріне 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын – Президент

Фото: Фото: Ақорда

Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде айтты. Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болғанын атап өтті.

ҚР Президенті елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін баса айтты.

Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.

«Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. «Жасыл» дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған бағдарламасының (СПЕКА) саммитіне қатысу үшін бүгін Бакуге жұмыс сапарымен барғаны жазған болатынбыз. Алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, келіссөз жүргізді.