Қазақстан спортшылары V Азия пара ойындарына аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан ұлттық құрамасын V Азия Пара ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Байрақты бәсеке 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Құрлықтық додаға елімізден 150 спортшы қатысады. Олар спорттың 12 түрінен бақ сынайды.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Санаулы күннен соң бағы мен бабы сынға түсетін спортшылардың бойынан жігер мен жеңіске деген сенім байқалады. Әсіресе, ту ұстаушылырдың толқынысы айрықша көзге түседі. Өйткені артылған жауапкершілік жүгі еселенді.

Бұл жолы Азия ойындарының ашылу рәсімінде көк байрағымызды Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионы Мереке Аяла ұстап шығатын болды.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

— Қазақстанның туын алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Жапонияда көк туымызды биікке көтереміз деп сенемін. Дайындығымыз жоғары деңгейде. Азияның ішінде бірінші орын аламын деп ойлаймын, — деді пара дзюдодан әлем чемпионы Аяла Мереке.

Күншығыс елінде өтетін додаға 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан атынан 150 спортшы 12 спорт түрінен бақ сынайды. Оның біреуі командалық, 11-і жекелей спорт түрі.

Биылғы ойындарда ел құрамасы арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Әрі, пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да құрлықтық сайысқа бірінші рет қатысады.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

— Соңғы төрт жылда спортшыларымыз ірі халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жақында параволейболдан ұлттық құрамамыз әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Пара жүзу мен пара дзюдодан да жүлделеріміз бар. Азия ойындарында да бірнеше спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенеміз, - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

V Азия пара ойындарының алғашқы жарыстары 16 қазанда пара үстел теннисінен басталады.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, еліміз Азия пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандастарымыз 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль жеңіп алды. Ең үздік нәтиже 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен бәсекеде тіркелді. Ол кезде 131 спортшымыз 41 медаль иеленді. Қоржынға түскен алтын саны 8, күміс 12, қола 21.

Еске салайық, жақында 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемасы таныстырылды.