АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық жұп Максим Жиленков пен Арина Молочникова Латвияның Саласпилс қаласында спорттық биден өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, аталмыш додаға әлемнің 32 елінен спортшылар қатысып, бақ сынады.
М.Жиленков пен А.Молочникова 16-18 жас аралығындағылар арасынан үздік шықты. Олар 10 биден (қоссайыс) үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Осылайша, Максим мен Арина ел тарихында спорттық биден алғаш рет әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Испаниядағы турнирдің абсолютті чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Фото: instagram.com/kaz_dancesport
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).