Қазақстан спортының ардагерлері марапатталды
Мерейтойлық шараға Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттарының және өзге де жоғары санаттағы халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет және спорт қайраткерлері шақырылды. Оған сондай-ақ ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы қатысты.
«Тәуелсіз Қазақстанның олимпиадалық қозғалысы мен спортын дамытуға айрықша еңбек сіңірген ардагерлер Ұлттық Олимпиада комитетінің мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Мәселен, награданы Жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропа кубогының жеңімпазы, КСРО чемпионаттарында 10-нан астам рет жеңіске жеткен Әмин Тұяқов; жеңіл атлет, ҚР Туризм және спорт академиясының профессоры, құрметті жаттықтырушы, Мельбурнда өткен 1956 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақ КСР-і атынан ең бірінші болып өнер көрсеткен Евгений Кадяйкин; конькимен жүгіру спортынан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО мен Қазақстанның 100-ден астам таланатты спортшысын дайындаған Май Хван бар», - делінген Ұлттық Олимпиада комитеті таратқан ақпаратта.
Шара барысында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин сөз сөйлеп, ардагерлерді құттықтады.
«Қазақстан спортының тағлымды тарихы мен тамаша дәстүрі бар. Біз спортшыларымыз халықаралық аренада қол жеткізген барлық жеңістерін зор мақтанышпен жадымызда сақтаймыз. Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылған күніне 25 жыл толуын атап өтетін ардагерлер осы дәстүрлер арқылы қазақстандықтардың жас ұрпағын мұнан да зор жетістіктерге шабыттандырады. Оған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып келе жатқан олимпиадалық спортты дамытудағы түбегейлі жаңа әдістер де өз септігін тигізеді. Қазірдің өзінде біз Қазақстанның спорт индустриясының барынша тиімді жұмыс істеуі үшін жүйелі негіз қалап отырмыз», - деді ол.
Айта кетерлігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 25 толуын атап өту Астанада жалғасып, 17 наурыз күні әлемдік Олимпиада қозғалысы мен спортының жоғары мәртебелі қонақтары мен көшбасшыларының, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткерлерінің қатысумен салтанатты шара өтеді.