Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл телевизия әлемін дүр сілкіндіретін ауқымды жоба болмақ. Ешқандай тележобаларға ұқсамайтын «Спой» қазақ телевидениесіне өзіндік қолтаңбасымен енбек.
"Жобаға қалаған адамына арнау ретінде ән жолдағысы келген, вокалдық қабілеті бар кез келген адам қатыса алады. Ол үшін студияға келіп, басынан өткен оқиғасын баяндап беруге тиіс. Оның басынан өткен оқиғасы желісінде ән мәтіні жазылып, байқауға қатысушы эфирге сол әнімен шығады. Байқаудың басты шарты - ән жолданған адамның көрермендер қатарынан табылуы тиіс",-дейді жобаның продюсері Әмір Садықов. Оның айтуынша бүгінгі таңда кастингке 70-тен аса адам қатысқан.
"Хабар" телеарнасының креатив жөніндегі директоры Ержан Сүлейменовтың айтуынша жоба «Talpa» компаниясымен бірігіп жасалынуда. "Бұл өте ауыр, ауқымды ойын-сауықтық жоба. Әріптестерімізбен бірге жасалынатын телеөнім сапалы болып шығуға ықпал етеді. Бұл отандық телевизия нарығының дамуына салатын үлкен үлесіміз. Музыкалық шоу жаңарған "Хабар" телеарнасының форматына сай келеді деген сенімдемін", -деді ол.
Шоу «Хабар» арнасының эфирінен әр сенбі күні кешкі сағат 21.30-да көрсетілетін болады. Көрермендер бір бағдарлама аясында 7 үміткердің сахнаға шыққанын көре алады. Хабардың жүргізушісі - Қымбат Хангельдина.