Қазақстан стратегиялық жоспарлау бағытында өңірге үлгі көрсетіп отыр – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының құрылуы елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындауға түрлі сала өкілдерін жұмылдырады. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Фото: Риззат Тасымның жеке мұрағатынан

Стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобын құру мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қоғамның кеңінен қатысуына жол ашады. Риззат Тасымның айтуынша, Қазақстан мұндай тәжірибені бұрыннан қалыптастырып келеді. Оның қатарында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай, сондай-ақ парламенттік және конституциялық реформалар бойынша құрылған жұмыс топтары бар.

– Енді осы тәжірибе көптен күткен стратегиялық құжатты әзірлеу барысында қолданылып отыр. Ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындау кезеңінің өзінде-ақ бұл іске қоғамның түрлі өкілі тартылып жатыр, – деді сарапшы.

Ол Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздіктің келесі тарихи белесіне қандай ел болып жетуі керегін ойластыруды ұсынғанын еске салды.

Фото: Ақорда

Сарапшының пікірінше, Президент Жолдауында бұл идея тапсырмаға ұласқан. Оған сәйкес Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, ғылыми орталықтардың қатысуымен бір жыл ішінде ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындайтын құжат әзірлеуі керек.

– Сарапшылар тобының құрамын бекіту – осы тапсырманы орындаудағы келесі қадам. Қазақстан ұзақ мерзімді басымдықтарын жүйелі түрде айқындап, жаңа тарихи кезеңде қандай орын алуды көздейтінін алдын ала белгілеп жатыр, – деп атап өтті ол.

Сарапшы стратегиялық жоспарлаудың басты мәні елдің болашақтағы даму бағытын бүгінгі шешімдермен ұштастыру екенін айтады. Мәселен Қазақстан жаңа өнеркәсіп салаларын дамытуды көздесе, өндіріс орындары қайда орналасатынын, оларға қандай мамандар қажет болатынын, энергетикалық және көлік инфрақұрылымының мүмкіндігі жеткілікті ме деген мәселелерді алдын ала қарастыруы қажет.

– Стратегиялық жоспарлау осындай шешімдердің барлығын ортақ мақсаттармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ол – ел егемендігін нығайту, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру, – деп түсіндірді Риззат Тасым.

Ол ұзақ мерзімді жоспарлау бойынша өзге елдердің тәжірибесін де мысалға келтірді. Мәселен Франция «France 2030» бағдарламасы аясында технологиялық және өнеркәсіптік жаңғыруға шамамен 54 млрд еуро бөлген. Үндістан тәуелсіздігінің 100 жылдығына, яғни 2047 жылға қарай дамыған елге айналуды мақсат етіп отыр. Бразилия «Brazil 2050» стратегиясын әзірлеп жатса, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттің құрылғанына 100 жыл толатын 2071 жылды межелеген.

– Меніңше, Қазақстан стратегиялық жоспарлау мәселесінде өзіне жақын өңір елдеріне бағыт-бағдар көрсетіп отыр. Ел болашағына қатысты өзіндік көзқарасын жүйелі түрде қалыптастырып, оны талқылауға қоғамды да тартып келеді, – дейді сарапшы.

Ол Стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобының құрамы кең екенін де атап өтті. Оның құрамына Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, зерттеушілер, салалық мамандар мен бизнес өкілдері енген.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар топ отырыстарына мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнестің және азаматтық қоғамның өкілдері, сондай-ақ басқа да мамандар шақырылуы мүмкін.

– Бұл мәселелерді тәжірибе жүзінде жақсы білетін адамдарды ортақ жұмысқа тартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, олардың ұсыныстарын басымдықтар мен құжаттың мазмұны түпкілікті бекітілмей тұрып ескеруге болады, – деді Риззат Тасым.

Оның айтуынша, бұл жұмыста ғылыми және академиялық қауымдастықтың күшін біріктіріп қана қоймай, ел болашағын азаматтардың өздері қалай елестететінін де білу маңызды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының құрамын бекіткен болатын. Оның құрамына Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, ғылыми орта және бизнес өкілдері кірді. Топ елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындаумен айналысады.

Сондай-ақ Президент Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарын қамтитын құжат әзірлеуді тапсырған еді. Бұл жұмысқа бір жыл ішінде Президент Әкімшілігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен ғылыми орталықтар тартылуы керек.