Қазақстан студенті Шэньчжэньдегі WorldSkills турнирінде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында өнеркәсіптік дизайн технологиялары бойынша WorldSkills Industrial Design Technology International (Shenzhen) Invitational Tournament халықаралық турнирі өтті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Халықаралық деңгейдегі беделді додаға Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Сауд Арабиясы және Қытай елдерінің жас мамандары қатысты. ️Қазақстан намысын Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің үшінші курс студенті, «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша WorldSkills Kazakhstan–2025 ұлттық чемпионатының жеңімпазы Дарья Мельник қорғады. ️Байқау барысында қатысушылар өнеркәсіптік дизайн саласындағы кәсіби құзыреттерін, инновациялық ойлау қабілетін және практикалық дағдыларын сынады. ️

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Нәтижесінде Дарья Мельник І орынды иеленіп, халықаралық турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды. Студентті жарысқа Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Борис Григорьев дайындады, — делінген хабарламада.

Қазақстандық студенттің бұл жетістігі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасы мен отандық жастардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Сонымен қатар еліміздің WorldSkills қозғалысындағы әлеуетін айқындап, қазақстандық мамандардың кәсіби шеберлігі әлемдік деңгейде жоғары бағаланатынын дәлелдеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы халықаралық робототехника турнирлерінде топ жарған болатын.