Қазақстан су қоймаларындағы бос сыйымдылық 14,3 млрд текше метрді құрайды

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің солтүстік, орталық, батыс және шығыс өңірлеріндегі су қоймаларында бос сыйымдылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Ал оңтүстік өңірлердегі су қоймалары су жинау режиміне көшті.

Қазіргі уақытта елдің солтүстігіндегі ірі су қоймалары орта есеппен 70 пайызға, орталық өңірлерде 68 пайызға толған. Батыс аймақтарда бұл көрсеткіш 48 пайызды, ал шығыс өңірлерде 86 пайызды құрайды. Республикадағы ірі су қоймаларындағы жалпы бос сыйымдылық көлемі 14,3 млрд текше метрден асады. Күтілетін су көлемі 9,1–13,9 млрд текше метр шамасында болжанып отыр.

Сонымен қатар шекаралас мемлекеттермен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы тарапымен су тасқыны кезеңінде өзара іс-қимыл жасау үшін 2025 жылы арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы айдың басында аталған топтың төртінші отырысына дайындық мәселелері талқыланды. Жайық өзені бассейніндегі су көлеміне қатысты нақты болжам наурыз айының басында ұсынылады. Ресей тарапының алдын ала мәліметіне сәйкес, тасқын кезеңінде Ирикла су қоймасынан секундына 200 текше метрден аспайтын көлемде су жіберу жоспарланып отыр.

Қытай Халық Республикасымен бірлесіп трансшекаралық судың сапасын бақылау және жедел ақпарат алмасу жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе гидрологиялық бекеттерде оқу-жаттығулар өткізуді және байланыс арналарының жұмысын тексеруді қамтиды.

Гидротехникалық құрылысжайларға тексеру жүргізілді. Пайдаланушы ұйымдарға тасқын суды қауіпсіз өткізу жөнінде ұсынымдар берілді. Соған сәйкес 39 гидротехникалық нысанда жөндеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Абай облысындағы Шар су қоймасында, Шымкент қаласындағы «Ақжар» су қоймасында, Ақтөбе облысындағы «Шолақ» бөгетінде күрделі жөндеу аяқталды. Сондай-ақ Қостанай облысының Степное ауылындағы бөгетке реконструкция жүргізілді.

Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі талаптарының бірі – көпфакторлы тексерулер жүргізу. 2025 жылы мұндай тексерулер 56 нысанда өткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің 10 облысында коммуналдық гидротехникалық нысандарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдар құрылды. Қазіргі таңда олардың саны 16-ға жетті. Бұл мекемелерде 1193 адам жұмыс істейді, 846 нысанға қызмет көрсетіледі.

Өзен арналарының тасқын кезеңіне дайындығы аясында 2025–2027 жылдарға арналған елді мекендер маңындағы өзен учаскелерін қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Бүгінге дейін өзен арналарының 166,98 шақырымы тазартылып, тереңдетілді. Оның ішінде 15 шақырымы – Абай облысында, 126,6 шақырымы – Атырау облысында, 17,8 шақырымы – Ақмола облысында, 4,4 шақырымы – Қарағанды облысында, 2,1 шақырымы – Қостанай облысында, 1,08 шақырымы – Солтүстік Қазақстан облысында. Биыл 6 облыста жалпы ұзындығы 192,55 шақырымды құрайтын учаскелерде санация жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр.

«Көктемгі су тасқынына дайындық белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Арнайы техника мен инертті материалдар әзірленіп, шекаралас елдермен деректер алмасу жолға қойылды. Әр 10 күн сайын су қоймаларының оңтайлы жұмыс режимі есептеледі. Қабылданған шаралар су шаруашылығы нысандарының тасқын суды қабылдауға және қауіпсіз өткізуге дайындығын қамтамасыз етеді. Министрлік су шаруашылығы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Әкімдіктермен бірлесіп, тасқын қаупін азайту және халық пен инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Айта кетейік, Тараздықтар күн жылынса су басу қаупі төнуі мүмкін деп сақ отырғаны хабарланды.