Қазақстан сыртқы экономикалық қызметтегі «Doing Business» рейтингінде 182-і орында тұр - Б. Жәмішев

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан бүгінгі күні сыртқы экономикалық қызметке қатысты «Doing Business» рейтингінде 182-і орында тұр.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, бұл тым төмен көрсеткіш. «Дегенмен, бұл рейтинг қалыптасатын көрсеткіштерді мұқият қарастырсақ, онда мынаны аңғарамыз: Қытай портынан Алматы қаласына жеткізілетін бір контейнер үшін 4 мың 600 еуро шығын кетеді екен. Ал осының ішіндегі 3 мыңға тарта еуросы тек сол Қытай аумағына кететін тасымалға тиесілі. Ал қалған сома Қазақстан шекарасынан Алматы қаласына дейінгі тасымал мен барлық құжаттарды әзірлеуге, рәсімдеуге кететін шығын болып табылады. Ал біздің заңнамамыз бойынша құжаттардың ауқымды бөлігі сыртқы экономикалық қызметтерге байланысты болып табылады», дейді Б. Жәмішев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл рейтинг негізінен мемлекеттік органдардың қызметін бағалау үшін жасалмаған. «Бұл рейтинг сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін жасалған және олар жалпы Қытай портынан Алматы қаласына дейінгі жеткізілетін шығындарға негізделіп бағаланып отыр. Дегенмен, бұл рейтинг барынша маңызды. Сондықтан да, біз үшін алдағы уақытта басымдық міндет - қағазбастылықтан арылып, электрондық ақпараттық үдеріске барынша бейімделу», деді Қаржы министрі.

«Кеден органдары құқық қорғау қызметін де жүзеге асырып келеді. Осы бағыттағы жұмыс барысында былтырғы жылы 537 қылмыстық іс, 12 мың 612 әкімшілік іс қозғалды. Тәркіленген тауарлардың және контрабандалық валютаның жалпы сомасы 6,2 миллиард теңгені құрайды. Заңсыз айналымнан 422 келі есірткі заттары, оның ішінде 47 келі героин алынды», дейді Болат Жәмішев.

Қаржы министрінің айтуынша, кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалып, 34 төрт сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар әшкереленген.