— Біз өзекті екіжақты күн тәртібін жан-жақты талқылап, оны одан әрі кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырдық, — деді Ермек Көшербаев.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, Қазақстан мен Таиланд арасындағы ынтымақтастықты ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, жасыл энергетика, стратегиялық минералдар салаларында, сондай-ақ азаматтар арасындағы байланыстар мен туризм бағыттарын әртараптандыру арқылы нығайтуға болады.
— Бүгін біз 2027–2028 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойдық, — деді ол.
Министрдің сөзінше, бұл құжат барлық басым бағыттар бойынша екі ел арасындағы серіктестікті тереңдету мен кеңейтудің нақты жол картасына айналады.
— Біз Таиландты АСЕАН нарығына шығатын маңызды қақпа ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар, Таиланд Қазақстан арқылы Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына кеңірек қол жеткізе алады. Осы бағыттағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз, — деді Ермек Көшербаев.
Өз кезегінде Таиланд Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткео биыл Қазақстан мен Таиланд дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтіп жатқанын айтты.
— Менің сапарымның мақсаты — өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін айқындап, екіжақты қарым-қатынасты анағұрлым берік әріптестік деңгейіне көтеру. Біз Қазақстанмен экономиканы дамыту және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қоса алғанда, көптеген салада бірлесіп жұмыс істеудің зор әлеуетін көріп отырмыз. Сонымен қатар, көпжақты деңгейдегі серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз. Бізді бірқатар халықаралық бастамалар мен өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөніндегі ортақ көзқарас біріктіреді, — деді Таиландтың сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Оның айтуынша, тараптар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) пен АСЕАН аясындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылаған. Таиланд АСЕАН жобаларына белсенді қатысып, өңірлік бастамаларда сенімді серіктес болуға ниетті.
— Біз инвестиция мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Бүгін құрметті министр атап өткен көптеген бағыттарды талқыладық. Екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп келеді, алайда сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін қосымша күш-жігер қажет деп санаймыз, — деді Сихасак Пуангкеткео.
Министрдің сөзінше, Таиланд өзара инвестициялар көлемінің артуына және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен медицина салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Кездесу барысында сауданы дамыту және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы да талқыланды. Таиланд тарапы сауда комиссиялары мен жұмыс топтарының кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.
— Біз Қазақстанды Орталық Азияға шығатын маңызды қақпа ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссиямен келіссөздерді бастауға мүдделіміз және осы диалогты дамытуда Қазақстанның қолдауына сенім артамыз, — деді ол.
Сихасак Пуангкеткеоның айтуынша, Қазақстан Орта дәліздің маңызды бөлігі саналады.
— Сауда, инвестиция және басқа да бағыттарда біздің серіктестігіміздің нығайып келе жатқанын көріп отырмыз, — деп түйіндеді Таиланд Сыртқы істер министрі.
Бұған дейін Қазақстан мен Таиланд ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жазғанбыз.