Қазақстан тақтатас мұнайын өндіру әлеуетін зерттеуге кіріспек - Энергетика вице-министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тақтатас мұнайын өндіру әлеуетін зерттеуге ниетті. Бүгін Астанадағы «KAZENERGY-2015» оныншы Еуразиялық форумы аясындағы конференцияда Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.

Еске салайық, форум аясындағы мұнай-газ конференциясы «Еуразия өңіріндегі энергия қауіпсіздігі: жаңа ынтымақтастық механизмі» тақырыбында өткен болатын. «Ұзақмерзімді перспективада Қазақстан Азия өңірі бойынша энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігін нығайтуға мүдделі. Бұл ретте көршілес Қытай елімен ынтымақтастық қырларының бір бағыты Қазақстанның тақтатас (сланцты мұнай-газ) әлеуетін бірлесе зерттеуге негізделмек», - деді жиын барысындағы сөзінде Ұ. Қарабалин.

Вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Америка секілді Қытай да өткізгіштігі төмен болып табылатын коллекторды пайдалану әлеуетін ілгерілетуде айтарлықтай жетістікке жеткен мемлекет.

«Қазақстан қазірдің өзінде дәстүрлі көмірсутек шикізатының айтарлықтай қорларына ие. Дегенмен, біз жаңа ресурстар мен мүмкіндіктерді зерттеуге ұмтыламыз. Бұл ретте осы бағыттардың бірі болып табылатын көмір кен орындарындағы метанды зерттеу бойынша біздің елімізде белгілі бір прогрестер бар екенін айтқым келеді. Сондайақ, біз алдағы уақытта тақтатас әлеуетін зерттеуге тың серпін бергіміз келеді», - деді Ұзақбай Қарабалин.