«Кешеден бері болып жатқан кездесулерде екі елдің арасындағы қарым-қатынасты дамытуға байланысты көптеген мәселелер талқыланып жатыр. Осы ретте талқылаулардың қорытындысы бойынша алдаға уақытта тиісті келісімшарттарға қол қою көзделіп отыр. Атап айтқанда, білім беру, жоғары оқу орны саласындағы ынтымақтастықты орнату, ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ұсыныстарды қарау, стандарттау және метрология бағытында жұмыстар, әлеуеті жоғары туризм саласында екі ел арасында қатынастарды дамыту тұрғысында тиісті құжаттарды қарастыру, медицина мен қорғаныс саласындағы байланыста бірқатар шешімдер ескерілуде. Яғни, бірқатар салаларды қамтитын құжаттарды кешеден бері комиссия қарастырды»,-деді А. Мырзахметов.
Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласында байланыстарды одан ары қарай дамыту аясында тиісті құжаттарға қосымша қол мәселелері талқыланды.
«Біз өзіміздің тарапымыздан Иорданияға Қазақстанның астығын, мал шаруашылығы өнімдері экспорттауға ынтамыздың бар екендігін айттық. Біздің ойымызша, келешекте атқарылатын шешімдердің аясында бұл жоспарлар іске асырылады»,-деді А. Мырзахметов.
Аталған Комиссия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иордан Хашимит Корольдігіне 2006 жылы жасаған ресми сапары барысында Иордан Королі Абдалла ІІ бен Әл-Хусейнмен бірлесіп, екіжақты келісім негізінде құрылған болатын және өзара дипломатиялық-іскерлік байланыстарды арттыру үшін Іскерлік кеңес жұмыс жасай бастады. Сол уақыттан бері екі мемлекеттің арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың деңгейі жоғарылап, Мемлекет басшыларының бірнеше кездесулері өткізілді.