Қазақстан тарапынан Сирияда қалған азаматтарға көмек көрсетуге қажетті барлық шаралар қабылданған - ҚР СІМ

АСТАНА 29 тамыз. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Сирияда Қазақстанның 19 азаматы қалды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

«Қазіргі таңда Сирияда консулдық есепке алынған 19 азаматымыз қалып отыр. Олардың ешқайсысы әзірге біздің дипломатиялық өкілдікке Сирия аумағынан қауіпсіз жерге көшуге қолдау көрсету туралы өтініш білдірген жоқ. Егер біздің азаматтарымыз көмек көрсету немесе эвакуациялау жөнінде өтініш білдірген жағдайда біздің дипломаттарымыз оларға жедел қолдау көрсетуге дайын»,- деді ол.

Ж. Үсеновтің атап өтуінше, Сирияда консулдық есепте 220-дан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Мемлекет ішіндегі жағдай күрделене бастағанда Қазақстан тарапынан өз азаматтарына көмек көрсетуге қажетті барлық шаралар қабылданған.

«Алдын ала жұмыс жоспары әзірленіп, біздің Иорданиядағы елшіліктің және көршілес Ливан мен Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктеріміздің күшімен азаматтарымызға құжаттарды рәсімдеу, шекарадан өту, билеттер сатып алу секілді барлық мәселелерде көмек көрсетілді. Сирия аумағынан шығамын деген барлық азамттарымыз уақытылы қауіпсіз жерге көшірілді»,-деді ресми өкіл.