Қазақстан тауарларын БАӘ нарығына шығару көлемі артады - заң

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Фото: Әли Ғалым, Талғат Таныбаев

Келісімнің негізгі мақсаты - Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда қатынастарын дамыту және нығайту, сондай-ақ Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару үшін қолайлы жағдайлар жасау.

- Аталған Келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында қол қойылды. Келісім тауар номенклатурасының 85 пайыздан астамы бойынша импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Сонымен қатар, құжат саудадағы техникалық кедергілерді азайту, санитариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану, кедендік ынтымақтастықты дамыту және ішкі нарықты қорғау тетіктері сияқты маңызды сауда мәселелерін қамтиды. Кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жағдайларға бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында кедендік баждарды жою кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл өзара сауданы біртіндеп либеризациялауға және бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, - деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Жалпы алғанда, Келісім қазақстандық тауарлардың Біріккен Араб Әмірліктері нарығына шығуын кеңейтіп, экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, өзара сауда көлемінің өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.

- Заңды ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен БАӘ стратегиялық сауда-инвестициялық серіктестікті нығайтады.