Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлауға 407 млн. теңге бөлінді
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалған үш айдың ішінде республикалық деңгейде 100 шара өткізу жоспарда бар, ал жергілікті жерлерде тағы 5 мыңнан астам шара өткізіледі. 15 желтоқсан күні Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған үлкен концерт өтеді. Қазір дайындық жұмыстары жасалуда. Республикалық бюджеттен тойлауға 407 млн. теңге бөлінген», - деп атап өтті А.Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, мерейтойдың негізгі бөлігі 1-15 желтоқсан аралығында өтпек. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған бірнеше концерттер ұйымдастырылады. 1 желтоқсан күні Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кинопремьера таныстырылады. Көрермендер аталмыш телехикаяның толықметражды кинонұсқасын үлкен экраннан көре алады. Ал 10 сериядан тұратын телехикая бірқатар республикалық телеарнада трансляцияланады деп болжануда.