Қазақстан тәжік нарығына құны 3 млн. долларды құрайтын пластикалық құбырлар жеткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Душанбеде Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің көмегімен және  «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен аталған елдің сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастыруымен бизнес форум форматындағы қазақстандық кәсіпкерлерінің сауда миссиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шараға тамақ, химия, фармацевтика және машина жасау саласындағы 30 қазақстандық өндіруші қатысты. Сауда миссиясының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Елші Нұрлан Сейтімов бұл форумның  бұған дейінгі екі ел бизнесмендерінің кездесуі сияқты Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан ары нығайта түсу үшін жемісті іскерлік байланыстарды орнатудың тиімді алаңы болатындығын баса айтты», - делінген Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі таратқан ақпаратта.
 

Елшілік мәліметіне сәйкес, екіжақты келіссөздерге қазақстандық өнімді өз нарықтарында сатуға құлшыныс танытып отырған 100-ден астам тәжік компаниясы қатысқан.

«Айта кетерлігі, бұл қазақстандық бизнестің Тәжікстан Республикасындағы 7-ші сауда миссиясы.  Қазақстандық 120-дан астам өндіруші қатысқан бұған дейінгі бизнес форумдардың нәтижесінде отандық өнімді жеткізуге арналған 60 млн. доллардан астам соманың келісімшарттары жасалған еді», - деп атап өтеді Елшіліктің баспасөз қызметі.

Ал бұл жолғы бизнес форум аясында қазақстандық өндіруші  «Amitech Astana» ЖШС мен «Пласт Сервис» ЖАҚ» диллерлік компаниясы арасында жалпы сомасы 3 млн. долларды құрайтын пластика құбырларды Тәжікстан нарығына жеткізу туралы келісімге қол қойылған. Мұнан бөлек, екі елдің компаниялары арасында тамақ, фармацевтика және басқа да салалардағы бірқатар келісім жасалған.