Қазақстан тек алты өнім бойынша импортқа тәуелді - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азық-түлік өнімдерінің алты түрін импорттан әкелуге мәжбүр, деп хабарлады бүгін Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев.

«Ең маңызды деген 29 азық-түлік өнімдерінің түрлері бар. Оның ішінде: ет, сүт, нан, көкөністер және тағы басқалары кіреді. Олардың қатарында 6 өнімді отандық өндірушілер елдің тек 80 пайызын қамтамасыз ете алуда. Олар - қант, тауық еті, сары май және тағы сол сияқты өнімдер.

Сондықтан «Агробизнес -2020» аясында осы салалар басымдыққа ие. Осыларға біз үлкен көңіл бөлеміз. Бұл салалар бойынша шеберлік жоспарлары жасалып, қаражаттар бөлінуде. Қалған индикаторлар бойынша бізде 80 пайыздан жоғары. Кейбір көрсеткіштер бойынша ішкі нарықты 100 пайыздық қамтуды көріп отырмыз», - деді ол. «Агробизнес -2020» бағдарламасы аясында Қазақстанда 2020 жылға дейін бес ет комбинатының құрылысын жүргізуге, 135 сүт, 56 ет, 5 көкөніс өңдеуші кәсіпорынды жаңғыртуға қаржы бөлу жоспарлануда, сонымен қатар жеті қант және май шығару зауыттарын салу көзделген.