«Қазақстан» телеарнасы Германияның әскери тұтқындарды жаппай қамау орындарынан дайындаған арнайы репортажды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасы Германияның Бухенвальд және Цайтхайндағы әскери тұтқындарды жаппай қамау орындарынан дайындаған арнайы репортаж ұсынады.

«Қазақстан» телеарнасындағы «Журналистік зерттеу» бағдарламасының шеф-редакторы Азат Рыстанбек осы орындарға арнайы барып, бағдарлама шығарылымына арқау болған бірегей суреттерге қол жеткізді. Бағдарлама беті ашылған істерге, қамаудағы қазақстандықтардың белгісіз тағдырларына арналған. Бұл туралы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Телекөрермендер «Журналистік зерттеу» арнайы жобасының шеңберінде түсірілген фильмді «Қазақстан» телеарнасынан 29 сәуір күні сағат 19.10-да көре алады.

«Жеңістің 65 жылдығына орай Германиядағы Қазақстан Республикасының елшілігі «Арманда кеткен боздақтар» атты естеліктер кітабының бірінші томын шығарды. Бұл кітапқа алғаш рет қазақстандық тұтқындардың есімі енді. Осындай тарихи фактілердің жариялануы алғаш рет болып отыр. Бұл тарихи құжаттар америкалықтарда сақталып келген. Кейін Ресейге берілді. Енді бұл деректер кітапта жарияланды. Журналистік зерттеу жүргізуге дәл осы кітап себепші болды. Бұл қазақстандықтар кімдер? Олардың тағдырлары қалай болды? Жоғалып кеткен ата-бабасы туралы кез келген ақпарат алуға талпынған сол тұтқындардың туған-туыстарын, жақындарын табуға талпынамыз», - дейді А.Рыстанбек.

Қазіргі кезде «Арманда кеткен боздақтар» кітабы аз ғана тиражбен жарияланды. Оған тек қана 6 228 адамның есімі кірді. Соғыстың темір қоршауының артында қалған қазақстандықтардың саны бұдан әлде қайда көп. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.

«Германияның Дрезден қаласында бұрынғы кеңестік азаматтардың жеке тұлғасын және тағдырларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізетін Саксондық мемориалдар бірлестігі атты ұйым бар. Бес жыл ішінде бұл ұйымның қорында рейхтің лагерлерінде және басып алынған бұрынғы КСРО жерінде қайтыс болған кеңестік адамдардың 740 мыңы туралы ақпарат жинақталып қалды. Бірақ бұл тізім толық емес, себебі Германияның лагерлеріне 3 миллионға жуық адам жеткізілген болатын. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, немістер тұтқындаған қазақстандықтардың саны 200 мың еді. Олардың 30 мыңы ғана оралды. Қалғандары қайда? деген сауалдың туындауы заңдылық. Табылған және жария болған 6 мың адам үлкен теңіздің бір-ақ тамшысы екені айдан анық», - деп ойымен бөліседі А.Рысбек.

Оның айтуынша, концлагерь тұтқындарының ұрпақтарын тауып, олармен байланыс орнату оңай шаруа болмады. Соғыстан кейінгі жылдары тұтқында болған адамдар «халық жауы» және «сатқындар» қатарына қосылған еді. Арнайы қызметтердің тарапынан ол адамдар мен олардың туған-туысқандары қудалауға ұшырап, жер аударылған болатын. Бүгінгі бейбіт күннің өзінде бұл тақырыпты қозғауға ешкімнің қауқары жоқ.

«Соғыстан кейін Еуропаға кеткен адамдардың өздері байланысқа шыққысы келмейді. Алайда біз Бузенвальдта қамауда болған Сейілхан Ғабдулиннің ұлымен кездесіп, одан сұхбат алу мүмкіндігі туды. Ол сол жерден қашып құтылды. Алайда, үйіне оралғанымен майдангер әуелі ІІХК, кейін МҚК-нің бақылауында болады. «Сатқын» деп айыпталды. Сейілхан Ғабдуллин қайтыс болды. Ұлы әкесінің ауыр тағдыры туралы кітап жазды», - дейді А.Рысбек.

Саксондық мемориалдар бірлестігінің мұрағаттарында сақталған қазақстандық тұтқындардың картотекасы шағын ғана бейне материалдармен толықты. Нацистік өкімет азияттық жауынгерлер туралы түсірілген фильмдерді ел ішінде жаппай үгіт жұмыстарын өткізу кезінде пайдаланды.

«Мен ешкім біле бермейтін мұндай фактіге таңғалдым. Бізге белгілі болғандай, Үшінші рейх халық алдында өзінің агрессиясын мойындамай, басталған соғысты «моңғолдардың екінші шапқыншылығы» деп атайтын. Біздің қазақстандық жауынгерлердің бейнесі «қауіп төндірген» сыртқы күштен сақтану мақсатында халықты жұмылдыру үшін пайдаланды. Мұндай үгіт жұмыстары барлық БАҚ-та жүргізілді», - деп, автор жобасы ойын жалғастырды.

Жіберіп алмаңыздар! «Журналистік зерттеу» арнайы жобасының шеңберінде түсірілген фильмді «Қазақстан» телеарнасынан 29 сәуір күні сағат 19.10-да көре аласыздар!