«Қазақстан» телеарнасында хабар тарату желісін бағдарламалаудың жаңа жолдары енгізілуде
«Ақпараттық активпен кездесуі барысында Мемлекеттік хатшы ақпараттық жұмысты жаңғырту жөнінде, оның ішінде мемлекеттік телеарналар алдына да бірқатар міндеттер қойды. Қазіргі кезде «Қазақстан» телеарнасында қазақстандық контент күшейтіліп, рейтінгісі төмен жобалар қысқартылуда», - деді Сәуле Жиреншина.
«Қазақстан» ҰТА хабар тарату желісін тиімді орналастыру үшін, TNS Gallup Media-ның мақсатты аудиториялар бойынша талдау жасалатын есебі күн сайын қадағаланып отырылады, деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.
«Хабар тарату желісін бағдарламалаудың жаңа жолы ойластырылды. Мысалы, нөлдік рейтинг берілетін сағат 18.00 бен 19.00 арасы қайта қаралды. Рейтингісі төмен өнімдердің орнына соңынан жақсы көрсеткіштер көрсететін отандық сериалдарды жіберуге шешім қабылданды», - деп хабарлады «Қазақстан» телеарнасының бағдарламалық директоры.
Бұдан басқа, шетелдік контентті сатып алу қысқартылып, бюджет қаржысы өзіміздің телевизиялық өнімдерімізді өндіруге жұмсалатын болады.
«Қазақстан» ҰТА-да бағдарламалаудың көлбеу тәсілі енгізілуде, мұнда мақсатты аудиторияға ұнайтын жанрлар жөніндегі жобалардың тұрақты слоты қалыптастырылады. Сондай-ақ жұма мен демалыс күндері үшін арнайы бағдарламалау енгізіледі», - деді Сәуле Жиреншина.
Ол сонымен қатар техникалық жаңғырту мақсатында ТВ өндірісінің барлық кезеңінде таспасыз технология біртіндеп енгізіле бастайды деді. Ақпараттық-талдау бағдарламаларын қалыптастыру және материалды эфирге беру барысында VIZART бағдарламасы белсенді түрде қолданылуда.
«Бұл отандық телехабар таратуда халықаралық стандарттарды қамтамасыз етудің тағы да бір қадамы болмақ», - деп қорытындылады сөзін "Қазақстан" ҰТА Бағдарламалық директоры Сәуле Жиреншина.