«Қазақстан» телеарнасында сериалдарды іріктейтін Сарапшылар кеңесі құрылды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» ұлттық арнасында телесериалдарды іріктеумен айналысатын Сарапшылар кеңесі құрылды. Бұл туралы телерадиокорпорация басшысы Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы телесериалдардың сапасын арттыру мақсатында, корпорацияға келіп түскен жобаларды іріктейтін Сарапшылар кеңесін құру жайлы шешім қабылдады. Жаңа регламентке сәйкес байқау комиссиясының алғашқы іріктеуінен өткен жобалар Сарапшылар кеңесінің талдауына ұсынылатын болады. Сарапшылар кеңесінің құрамына еліміздің танымал қоғам қайраткерлері, өнер танушылар мен белгілі журналистер кірді», - деп жазды телеарна басшысы.

Ерлан Қариннің хабарлауынша, Сарапшылар кеңесінің құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, «Айқын газеті» ЖШС-ның директоры әрі бас редакторы Нұртөре Жүсіп, кинотанушы Назира Мұқышева, тарихшы Берік Әбдіғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, белгілі журналистер Сәкен Сыбанбай мен Төлеген Байтүкенов енген.

«Бүгін Сарапшылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында әрбір жоба мұқият талқыланып, кеңес мүшелері өз бағасын беріп, ұсыныстарын айтты. Ал келесі кезеңде продакшн компаниялардың өкілдері өз жобаларын осы кеңес мүшелерінің алдында қорғайтын болады», - деп жазды Ерлан Қарин.

 

Соңғы жаңалықтар