Қазақстан телеарнасының алғаш эфирге шыққанына - 55 жыл
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасын, Қазақ радиосын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Ол Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.
«Қазақстан» - мемлекетіміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын Ұлттық телерадиокорпорация. Тұрғындарды қамту жағынан ол, сөзсіз, алдыңғы орында. Ел тұрғындарының 98,63 пайызы телеарна хабарларын көріп, тамашалай алса, Қазақ радиосын тұрғындардың - 88,74, «Шалқар» радиосын - 61,31 пайызы тыңдай алады. Сондықтан да, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен аймақтық телерадиокомпанияларының сигналдары анық таралатын аймақтарға кіретін Қазақстандағы ауыл тұрғындарының, кем дегенде, жартысы үшін теледидар ақпараттық және мәдени қажеттілікті, білім алуды, демалысты ұйымдастыруды қанағаттандыратын басты құрал болып қала бермек.
Корпорацияның хабар тарату саясаты ақпараттық, ағартушылық, ойын-сауықтық бағыттағы ақпарат берумен, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын, гуманизм идеяларын және Қазақстан халықтары арасындағы достықтың даңқын арттыру мен насихаттаумен сипатталады.
Телеарнада заманға сай ойлайтын ұжым, талантты шығармашылық қызметкерлер жұмыс істеуде. Корпорация жаңа инженерлік-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұның бәрі қарқынды дамып келе жатқан қоғамның ерекшеліктерін және көрермендер мен тыңдармандардың ақпараттық-ағартушылық қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы эфирлік өнім өндіруге кепілдік береді. 2001 жылдан бастап жаңа менеджерлер командасының келуімен жаңа хабарлар циклі, қызықты ток-шоулар пайда болып, көрермендер мен тыңдармандардың саны артты. Телерадиокорпорацияның қазіргі заманға сай бет-бейнесі қалыптасып, қарқынды түрде дами бастады.
«Қазақстанның» басты идеялық құрамы - қазақстандық патриотизм, халқымыздың тарихи және рухани мұрасын сақтап, болашаққа жеткізу, ұлттық құндылықтарымызды көрермендерінің санасына сіңіру, заманауи құралдар арқылы ұлттық басты ақпарат көздерінің бірі болу.
Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша «Қазақстан» ұлттық арнасы 2011 жылдың қыркүйегінен 100% қазақ тілінде хабар тарата бастады. Сонымен қатар, корпорация құрамында ұлттық мәдениетімізді ұлықтайтын «Мәдениет» телеарнасы, балаларға арналған «Балапан» телеарнасы іске қосылды.
Жақында БАҚ арқылы «ТНС Гэллап Медиа Азия» (TNSGallupMediaAsia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша «Қазақстан» ұлттық телеарнасының 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер, яғни шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары арасында 23,3% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға табан тірегені мәлім болды. Ең алдымен, бұл қазақ көрерменінің жеңісі деп айтуға болады.