Қазақстан темір жолы қазан айында бір миллион тоннадан астам астық тасымалдады

ТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ына Үкімет тапсырмасы бойынша айына миллион тонна астық тасымалдау жүктелген.

Бұл межені теміржолшылар қазан айында 193,8 мың тоннаға асыра орындады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы -Тасымалдау үдерісі жөніндегі дирекцияның директоры Ермек Төлегеновтің айтуынша, 31 қазанға дейін барлығы 1 миллион 193,8 мың тонна астық тасымалданды. Оның 601,7 мың тоннасы Қазақстан аумағындағы тұтынушыларға жеткізілсе, 592,1 мың тоннасы ТМД және Балтық жағалауы секілді таяу және алыс шет елдерге жіберілді.

Астық тасымалдауға арналған вагондардың жетіспеушілігіне орай, ел ішіндегі тасымалға жабық және ашық вагондар да пайдаланылуда.

Ұлттық компания қазаннан желтоқсанға дейін айына миллион тонна астық тасымалдауды жоспарлап отыр. Осыған орай әр күнгі жүк тиеудің кестесі жасалды.

«Қыркүйек айынан бері «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ мемлекеттік азық түлік қорындағы 500 мың тонна астықты тиісті элеваторларға орналастыруда. Қыркүйек айында 231 мың тонна астық тасымалданса, қазанның 27-сіне дейін 142 мың тонна бидай тиісті жерлерге жеткізілді. Вагондар «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-ның тапсырысына байланысты дер кезінде берілуде», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ұлттық компания қарашада экспортқа шығатын астық көлемін ұлғайта түспек. Қазірдің өзінде астық жөнелтушілерден қараша айында экспортқа 820 мың тонна астық шығару туралы тапсырыс түссе, ел ішінде 120 мың тонна тасымалданады деп күтілуде.