«Қазақстан темір жолы» ҰК Орал бөлімшесінің директоры бес жарым жылға сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 15 ақпан күнгі үкімімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - Орал жол бөлімшесінің директоры Құрманғазы Қажиденов ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 361-бабы 1-бөлігіне сәйкес 58-баптың 3-бөлігі қолданыла отырып, мүлкін тәркілеумен бірге түпкілікті кесім - 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, филиал директоры өзінің тікелей қарауындағы және желілік құрылымдар басшыларына Орал көлік прокуроры Б.Халықтың туған күніне сыйлық аламын деген сылтаумен әрқайсысынан 15 мың теңгеден жинауға нұсқау берген. Жиналған 135 мың теңгені Қ.Қажиденов өз қалауы бойынша жұмсаған.

Қ.Қажиденовке қатысты кепілге алу түріндегі ұстау шарасы қамауға алумен өзгертілді. Ол сот залында тұтқындалды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.