«Қазақстан темір жолы» Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне пойызда тегін жүруге жағдай жасайды

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай 1-30 мамырдың аралығында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне жолаушылар пойыздарында тегін жүру акциясын ұйымдастырып отыр.

Бұл туралы ҚТЖ компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Соғыс ардагерлері мен мүгедектері бір ай бойы Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері аумағында тегін жүре алады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне шыққан сапарларында олар бару-қайту билеттерін бірге ресімдеуі тиіс.

Мерекелік акция аясында ардагерлер бару-қайту нүктелеріне дейін пойыздардың барлық бағдарларында, сонымен қатар қалааралық пойыздарда да купелік вагондарымен жүре алады. Бірақ бұл акцияның «Talgo» пойызына ғана қатысы жоқ.

Ардагерлер тегін билетті темір жол кассаларынан ала алады. Өздерімен бірге жеке куәліктері, Ұлы Отан соғысы ардагері немесе мүгедегі туралы куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесі болуы тиіс.

Акция өткізу тұрғысындағы барлық ақпараттарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ының темір жол кассалары мен тәулік бойы жұмыс істейтін 105-ші анықтама телефондарынан алуға болады.