Қазақстан темір жолы жаңа астықты тасымалдауға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теміржолшылар жыл басынан бері 7 миллион тоннадан астам астық тасымалдады. 2015-2016 астық тасымалы науқаны маусымында 12 миллион тонна астық тиелді.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ында вице-президенті Қанат Алпысбаевтың төрағалығымен өткен жаңа астықты тасымалдау мәселесіне арналған кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.   

   Кеңеске мемлекеттік органдар, «ҚТЖ -Жүк тасымалы»  АҚ, Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ, трейдерлер мен Қазақстанның астық нарығындағы кәсіпорындар мен мекемелер  өкілдері қатысты.

   Қ. Алпысбаев астық тасымалын барынша жинақы өткізудің маңыздылығына тоқталып, компанияның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

    «Қазақстандық астық Орталық Азия, Таяу Шығыс, Ресейге экспортқа шығарылуда. Қытай бағдарына астық шығару көлемі өсіп келеді. Биылғы жылы ҚХР-на 200 мың тоннадан астам астық жөнелтілді. Қазақстандық астық вагондарымен, әмбебап контейнерлермен Үрімші темір жолының стансалары арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жоспарлануда»,- дейді компанияның вице-президенті.

  Оның айтуынша, қазіргі таңда Иран бағдарына мультимодальдық тасымалдауға қолайлы жағдай жасалған. Ақтау портында жылына 60 мың тонна астық қабылдай алатын, 1,5 миллион тонна астық өңдейтін  жаңа терминал салынды. Компания астық тасымалдауға бірыңғай тариф енгізіп, оның тұрақты болуына кепілдік етеді.

  Қ. Алпысбаев астық компанияларына жүк тиеу мен түсірудің бастапқы және соңғы операциясына дейін жүк тиеу мен түсіру, жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға темір жол инфрақұрылымының әзір екендігін атап өтті.

  Биылғы жылғы қыркүйектің алғашқы онкүндігінде Республика аумағында 9 миллион гектардың, яғни жалпы егіннің 62 пайызы жиналды. Одан 14 миллион тонна дән бастырылды. Қазақстандық жаңа астықты тасымалдауды жүйелі ұйымдастыруға  7 мың вагон қажет.