«Қазақстан темір жолы» жолаушылар және жүк ағымының өсімін 15 пайызға арттырмақ

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» биыл жолаушылар және жүк ағымының өсімін 15 пайызға арттырмақ. Бұл туралы бүгін ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен өткен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның алқа мәжілісінде компания басшысы Асқар Мамин айтты.

«2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда жолаушылар және жүк ағымының өсімін 15 пайызға қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ «ҚТЖ» АҚ-ның ағымдағы жылғы табысы 962 млрд. теңге, ал таза кірісі 122 млрд. теңгеден төмен болмайтындығы межеленуде», - деді ол.

Сондай-ақ компания басшысының атап өтуінше, еліміздің көлік-логистикалық жүйесін дамыту жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыру 2020 жылға қарай транзиттік тасымал көлемін 18-ден 36 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл орайда жаңадан ашылатын жұмыс орындарының саны 28 мың бірлікті құрайтын болады.

«Экономикалық зерттеулер институтының бағалауына сәйкес көлік-логистикалық кешеннің қызметінен келетін орташа тиімділік жалпы ішкі өнім өсімі қарқынына қосымша 1 пайыз қосады», - деді А.Мамин.