Бұл ақпаратты аталған мекеменің баспасөз қызметі таратып отыр.
«Тұрғындардың жолаушылар тасымалына деген талабын орындау мақсатында «ҚТЖ» АҚ үстіміздегі жылы наурыздың 19-ынан бастап өте жайлы (1,2,3 сыныпты), аптасына екі рет (жұма, жексенбі) қатынайтын Астана-Павлодар бағытындағы №802/801 жаңа электр пойызын енгізді. Аталған пойыздың іске қосылуының арқасында Астанадан Павлодарға дейінгі жүретін уақыт екі жарым сағатқа қысқарды», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, қала маңына қатынайтын №805/806 Астана-Көкшетау және №807/808 Астана-Бурабай курорты пойызын өте жайлы жаңа электр пойызы алмастырған. Жаңа құрам жұмсақ та ыңғайлы орындықтармен, жиналмалы үстелдермен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. 1 және 2 сыныпты вагондарда теледидар қойылған, вагон-бар тіркелген. Ал машинистің кабинасында тәулік бойғы бейнебақылау қондырғысы, сонымен бірге автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылған. Электр пойыздың сыйымдылығы 650 жолаушы. Ал электр пойыздың босаған құрамы «Қарағанды - Алматы» бағытында қатынайтын болады.
Сондай-ақ бүгіннен бастап Астана стансысынан аптасына екі рет Алматыға қатынайтын №36/35 жолаушылар пойызы жүреді.
Жолаушылардың күнделікті тасымалын қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе стансысынан Алматы-2 бағытындағы №34/33 жолаушылар пойызының төртінші құрамы қосымша енгізіледі. Бұған дейін бұл пойыз аптасына төрт рет қатынайтын болатын. Жолаушылар вагондарының барлығы да өте жайлылығымен ерекшеленеді. Құрамада вагон-мейрамхана, жүк вагоны бар. Жоғарыда аталған құрамалардың ашылуы «Наурыз» мерекесіне арналған.