«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ қайта құрылатын болады - А. Жұмағалиев

None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын қайта құру арқылы теміржол саласының жаңа моделін құру ұсынылады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, қайта құру шарасының негізінде инфрақұрылымдық оператор құрылып, тасымалдау қызметі бөлінеді. Бұл жүктерді тасымалдау нарығында бәсекелестікті дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар министрдің сөзіне сәйкес, вокзалдар мен пойыздардағы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында вокзал қызметтері мен жолаушылар тасымалының стандарттарын енгізу, жүк тасымалдауын лицензиялау, қызметтердің мүгедектер үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету қарастырылады. «Мұның сыртында билеттерді сату тәртібі заң жүзінде бекітіліп, оларды сатудың балама тәсілдері көзделеді»,-деді министр А. Жұмағалиев.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.