«Қазақстан темір жолы» тарифтік саясатын өзгертеді
«Қазақстан темір жолының» қызметтеріне бекітілген тариф бағасы көршілес елдерден айтарлықтай төмен. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
«Қазақстан темір жолының қызметтеріне жүргізілетін тарифтік саясат тиісті көлемдегі қаражатты табуға мүмкіндік бермейді. Ұлттық оператор қызметтеріне бекітілген тарифтік бағамдар көршілес елдер ішіндегі ең төменгі болып отыр. Көптеген жүк түрлері өз бағасынан төмен тарифтермен тасымалданып жатыр. Биылғы 10 айда мұндай тасымалдар жалпы тасымалдың 88% құрады», - деді М. Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Осыған байланысты, теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды уақытылы іске асыру үшін ел экономикасының мүддесін ескере отырып, тарифтік саясат әрі қарай жетілдірілетін болады.
«Бұл ретте ең алдымен шикізаттық тауарларды экспорттауға арналған тарифтік саясатты жетілдіруді жөн деп санаймыз. Ол өз кезегінде кәсіпорындарды шикізатты ел аумағында терең өңдеуге ынталандырады”, - деді М. Қарабаев.
Бұған дейін Марат Қарабаев шекарадағы теміржол инфрақұрылымының жай-күйі туралы айтып берген еді.