Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының басшысы қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен босатылды. Бұл туралы Самұрық-Қазына Қорының ресми Telegram-каналында хабарланды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Жалғыз акционердің шешімімен Қазақстан темір жолы ҰК акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Ол теміржол саласында 35 жылдан астам еңбек өтіліне ие. Алматы теміржол инженерлері институтын «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша үздік бітірген.

Сондай-ақ Ресей Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының экономика магистрі және экономика ғылымдарының кандидаты.

— Талғат Алдыбергенов еңбек жолын 1992 жылы Батыс Қазақстан теміржолында бастап, жүк кассирі, жүк пен багажды қабылдап-тапсырушы, станция бастығының орынбасары, аға жол коммерциялық ревизоры сынды қызметтерді атқарды, — делінген хабарламада.

1998-2007 жылдары ол Қазақстан темір жолы АҚ құрылымдарында түрлі лауазымдарда, соның ішінде Актөбе филиалының басшысы, Казтранссервис директоры, ҚазМұнайГаз Сауда үйінің көлік логистикасы департаментінің директоры болып қызмет етті.

2008-2019 жылдары Кедентранссервис АҚ президенті, АвтоГазАлматы ЖШС бас директоры, Kazakhmys Maker ЖШС басқарма төрағасы лауазымдарын атқарды. 2024 жылдан бастап Қазақстан темір жолы ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметінен босатылғанын жазғанбыз.