НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан теннисшілерінің тарихи жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Бүгін Германияның бірінші ракеткасын ұтқан Елена Рыбакина осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның сөзіне қарағанда, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Анжелика Кербермен ойын оңайға түскен жоқ.
«Мен әрқайсысымыздың соңғы ұпайға дейін күресетінімізді түсіндім. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес-ті. Дегенмен өз деңгейімді ойласам, бұдан да жақсы ойнауға болар еді. Анжелика да соны айтар, бәлкім. Өйткені топырақ төсенішіндегі корттарға енді-енді көшіп жатырмыз. Сондықтан бірден төселіп кету оңай емес. Кешегімен салыстырғанда, допты онша жақсы бере алмадым. Бірақ ақырында жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасына шешуші ұпайды сыйлағаныма қуаныштымын. Бізді қолдаған жанкүйерлердің бәріне, сондай-ақ болбойларға, ұйымдастырушыларға, Болат Жәмішұлы бастаған Қазақстан теннис федерациясына зор ризашылығымды білдіргім келеді», деді Елена Рыбакина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).