АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионатының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жекелей сында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған италиялық Элизабетта Коччаретомен шеберлік байқасады.
Рейтингте 51-сатыдағы Юлия Путинцева әлемнің 43-ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстямен кездеседі.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик рейтингте өзінен төрт саты жоғары тұрған испаниялық Алехандро Давидович-Фокинадан өтуге тырысып көреді.
Қазақстандық спортшылардың жұптық сындағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Аустралия ашық чемпионаты 16 қаңтарда басталып, екі аптаға созылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Аделаида турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).