Қазақстан ТМД-да азық-түлік жеткізудің өңірлік хабы болуға дайын – Министр

Фото: Фото: azh.kz

Қазақстан ТМД бойынша азық-түлік жеткізудің өңірлік хабы рөлін атқаруға дайын. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

«ТМД елдеріндегі аграрлық сектордың серпінді дамуы нәтижесінде біздің азық-түлік қауіпсіздігіміз белсенді түрде нығая түспек. Сол сияқты әлемдік азық-түлік нарығында маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді. Көптеген позиция бойынша ТМД елдерінің әлемдік өндірістегі үлесі 10-30%. Мысалы, қант қызылшасын өндіру бойынша 27%, картоп бойынша 17,5%. Осы орайда біз ауыл шаруашылығы өнімдерімен сатуды және өңірлердегі сауданы дамыта түсуіміз керек», - деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің мәлімдеуінше, ТМД елдерімен агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сауда көлемін сақтап қана қоймай, ұлғайту қажет.

«Осы орайда Қазақстан азық-түлік жеткізудің өңірлік хабы ретінде әрекет етуге дайын. Ол үшін елде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Қытайдың азық-түлік тұтынатын ең үлкен нарығына көрші болу да оң фактор», - дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясы өтіп жатыр.