Қазақстан ТМД-да бірінші болып зейнетақы жүйесін реформалады - вице-министрмен сұхбат

Фото: primeminister.kz

Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 25 жыл толды. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен кейін 7 жыл бойы Кеңес Одағынан қалған ортақ зейнетақы жүйесін қолданған еді. Ол бойынша жұмыс істейтіндер барлық адамдардың зейнетақысын қамтамасыз ететін. Ал 1998 жылы жаңа мемлекеттің экономикалық жағдайына байланысты зейнетақының үлестіруші түрінен жинақтаушы жүйесіне көшу басталды. Оған қоса, биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодексте де зейнетақы төлеміне бірқатар жаңалық енгізілді. Осы орайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова отандық зейнетақы жүйесінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Назгүл Ерікқызы, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу қалай басталды, ондағы ең айтулы даталарға тоқталайықшы?

- Біздің еліміз 1998 жылы ТМД арасында алғаш рет дербес зейнетақы аударымдары қағидатындағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен. 1998 жылға дейінгі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі «ұрпақтар ынтымақтастығы» қағидатына негізделген еді. Зейнетақыны кешіктіру мен қарыз секілді қордаланған мәселелер «ұрпақтар ынтымақтастығы» қағидатынан зейнет жасында өзінің материалдық қамтылуы үшін әр азаматтың дербес жауапкершілігіне көшуді көздейтін жаңа тәсілге ауысу қажеттігін тудырды.

1997 жылы зейнетақымен қамсыздандыруды реформалау тұжырымдамасы қабылданды және 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, елде зейнетақы реформасы жүзеге асырыла бастады. Реформалау нәтижесінде Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандырудың мемлекеттік тарату және жинақтау жүйелерін қамтитын аралас жүйесі қалыптасты. Барлық жұмыс істейтін халық үшін зейнетақы қорындағы жеке шоттарына жинақ жасау үшін табысының 10% көлемінде міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Осылайша, республикалық бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақылармен қатар қосымша (жинақтаушы) зейнетақы алу мүмкіндігі туды.

Оған қоса, сол жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) құрылды. МЖЗҚ стратегиялық рөл атқарды: жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуды ынталандыру, оның салымшылар базасын қалыптастыру, зейнетақы нарығы мен бәсекелі орта негіздерін құру, ал 1998 жылы наурызда алғашқы жеке зейнетақы шоттарын ашты. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының пайда болуымен азаматтар зейнетақы активтерін таңдауға және басқаруға қатыса алатын болды.

2003 жылдан бастап салымшылар мен төлеушілерге зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін, ал жинақтаушы зейнетақы қорларына – зейнетақы төлемдерін кешіктіргені үшін қолданылатын санкциялар белгіленеді. Зейнетақы төлемдерінің схемалары анықталып, сақтандыру ұйымдары арқылы зейнетақы алу мүмкіндігі құрылды.

Қазақстан Зейнетақы жинақтарын сақтаудың кепілдендірілген жүйесін енгізген. 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда инфляция деңгейін ескере отырып, БЖЗҚ-да зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекет кепілдігін төлеуді көздейтін норма белгіленген. 2006 жылы «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК базасында жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі төлемдерді оңтайландыру мақсатында бірыңғай есепке алу орталығы құрылды. Осы сәттен бастап зейнетақы қорлары арасындағы салымшылардың зейнетақы жинақтарының аударымдары Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы арқылы жүзеге асырылды.

Бұдан басқа, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалыптасуының маңызды сәттерінің бірі – 2013 жылы МЖЗҚ базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру деп ойлаймын. Оған зейнетақы активтері мен жеке жинақтаушы қорлардың міндеттемелері берілген. Бұл шара біріншіден, салымшылардың бірыңғай базасын құруға мүмкіндік берді, соның негізінде параметрлік деректерге мониторинг пен талдау жүргізіледі, зейнетақы жүйесін дамытудың жаңа бағыттары әзірленеді. Екінші маңызды артықшылығы – әкімшілік шығындарды азайту, комиссиялық сыйақы мөлшерін төмендету болды. Ал үшіншіден – жоғарыда айтылғандай, бұл салымшылардың қаржылық қорғалуына септігін тигізетін зейнетақы жинақтарының сақталуының мемлекеттік кепілдігі. Активтерді БЖЗҚ-ға біріктірген соң зейнетақы жүйесі анағұрлым түсінікті, ашық болып, салымшыға есеп бере бастады.

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекетте қандай маңызды рөл атқарады?

- Бүгінгі таңда БЖЗҚ республикамыздың зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының бірыңғай әкімшісі және операторы болып отыр. Сонымен қатар, Ұлттық банк БЖЗҚ активтерін сенімгерлік басқарумен айналысады. Ол зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін және БЖЗҚ инвестициялық декларациясын әзірлейді. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару қызметі баршаға қолжетімді. Әрбір салымшы БЖЗҚ сайтында ай сайын жарияланатын инвестициялық портфель құрылымымен, зейнетақы активтерін басқару нәтижелерімен, зейнетақы активтерімен жасалған мәміле деректерімен және параметрлерімен таныса алады.

Қосымша Ұлттық Банк өзінің ресми сайтында қысқаша шолу жариялап, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық қызмет туралы жұртшылықты ай сайын хабардар етіп отырады.

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры клиентке бағдарлануды, сенімділік пен жауапкершілікті көрсетуде, осылайша өз миссиясын табысты іске асырып отыр.

- Тұрақты мемлекет факторларының бірі – оның зейнетақымен қамсыздандырудың тиімді жүйесі екені белгілі. Қазір елімізде қанша зейнеткер бар, оларға зейнетақы қандай әдіспен төленеді?

- Қазіргі уақытта республикада 2,3 млн зейнеткер бар. 2023 жылға арналған бюджеттен мемлекеттік зейнетақы төлемдеріне 3,3 трлн теңге қаражат көзделген, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 38 есеге жуық ұлғайды, бұл ретте мемлекеттік зейнетақылардың орташа мөлшері 34 есеге (3,6 мың теңгеден 120,9 мың теңгеге дейін) көбейген.

Халықаралық бағалауға сәйкес, қызметкердің, жұмыс берушінің жауапкершілігі және зейнет жасындағы барлық халықтың базалық қажеттіліктерін қамту жөніндегі мемлекет міндеттемелері бар көпдеңгейлі зейнетақы жүйелері анағұрлым тиімді және орнықты деп танылған. Жүргізілген өзгерістер арқылы Қазақстанда қазір зейнетақымен қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді.

Бірінші немесе базалық деңгей – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін қамтиды. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, базалық зейнетақы мөлшері жас бойынша барлық зейнеткерлерге бірдей берілмейді, ол еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты болады. Бұл жаңашылдық базалық зейнетақыны екі есе арттыруға, сондай-ақ азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыруға мүмкіндік берді.

Екіншісі – міндетті деңгей: 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік бюджет қаражатынан ынтымақты зейнетақыға еңбек өтілі бар және зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан төлем алатын тұлғаларға арналған. Бүгінде жиынтық зейнетақының негізгі үлесі ынтымақты төлемдерге тиесілі, ол қазіргі зейнеткерлерге де, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемі 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін де жүзеге асырылуда. Ынтымақты зейнетақы тағайындау шамамен 2043 жылға дейін сақталатынын атап өткен жөн.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне келсек, ол қызметкер табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын аударуға негізделеді. Бұдан басқа, 2014 жылы кәсіптік зейнетақы схемасын дамыту шеңберінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер пайдасына жұмыс берушілер төлейтін 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді. Бүгінгі таңда салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 12 миллионнан асты, ондағы зейнетақы активтерінің көлемі 16,4 трлн теңге болған. Жинақтаушы зейнетақының орташа мөлшері шамамен 32 мың теңгені құрайды.

Үшінші деңгей – салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға және өзі немесе үшінші тұлғалар үшін ерікті зейнетақы жарналарын қамтиды. Олардың мөлшерлемесі, төлеу кезеңі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта жазылған. Нәтижесінде азаматтарға ерікті зейнетақы жарналары арқылы өз жинақтарын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік берілді, бұл болашақта зейнеткерлердің қосымша табыс көзіне айналады. Қазіргі уақытта ерікті зейнетақы жарналары үшін 358 мың жеке зейнетақы шоты ашылған.

- Алдағы уақытта зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша қандай жұмыстар қолға алынады?

- Президент тапсырмасымен бүгінде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті іске асырылуда: Кезең-кезеңімен 2023 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғары – тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін жеткізу көзделген. Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс шамасын 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Қазақстан зейнетақы жүйесінің басты тұжырымдамалық өзгерісі – жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарынан жиналатын жаңа шартты-жинақтаушы компонентті енгізу екенін атап өткен жөн. Осылайша, келесі жылдан бастап жұмыс берушілер өз қаражатынан қызметкер табысының 1,5% ставкасынан бастап, кейіннен оны 2028 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғайтып, міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін болады. Міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жас ұрпақты қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері өз зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы базалық, жинақтаушы және шартты-жинақтаушы зейнетақыдан құралмақ.

Зейнетақының жаңа шартты-жинақтаушы компоненті қалған екі құрамдас зейнетақының артықшылықтарын қамтиды: ол жинақтаушы жүйедегідей аударым кезеңі мен көлемін тіркейді, бұл ретте ынтымақты жүйедегідей – жинақтар меншік болып саналмайды, зейнет жасына жеткен жүйеге қатысушыларына зейнетақы төлеуге жұмсалады. Бұл жүйеден зейнетақы өмір бойы төленеді.

Нәтижесінде, қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамсыздандыруға мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің өзі жауапты болады. Бұл әлемдік тәжірибе, сонымен бірге әрбір жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі. Зейнетақы төлемдерінің көздерін әртараптандыру, яғни зейнетақы төлемдерінің бірнеше көздері болуы қазақстандық зейнетақы жүйесінің қаржылық орнықты болып қалуына және халықтың зейнетақы табысының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!