Қазақстан ТМД-да «жасыл» экономиканы дамытуда көшбасшылар қатарында - БҰҰ ДБ сарапшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ТМД елдері арасында «жасыл» экономиканың тұжырымдамалық негіздерін дамыту саласында көшбасшылардың қатарында, дейді БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшысы, М.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Сергей Бобылев.

«ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда, Қазақстанның мүмкіндіктері мол. Қазақстан «жасыл» экономика саласында әзірленген тұжырымдамалық құжаттар бойынша көшбасшылардың қатарында», - деді ол ҚР Парламентінің қызметкерлері мен депутаттарға, халықаралық және мемлекеттік емес ұйымдарға арналған «Жасыл» экономика саласындағы заңнамалық негіздерді жетілдіру» тақырыбында өткен семинар-тренингте.

«2013 жылдың желтоқсан айында Ресейдің экологиялық съезі өтті. Менің экономист ретіндегі пікірім бойынша, Қазақстанның Қоршаған орта және су ресурстары министрінің баяндамасы ең тамаша баяндама болды. Себебі, өзге баяндамаларда қозғалған экологиялық мәселелер соншалықты ауқымды болмады. Ал қазақстандық министрдің сөзінде экология, экономика және «жасыл» экономиканың дамуы бір-бірімен байланысқан ортақ мәселе екені айтылды», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, аталмыш шараны ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен «Жасыл Академия» ғылым-білім орталығы ұйымдастырған. Шара Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен өтті.