Қазақстан ТМД-дағы ынтымақтастықтың жаңа күн тәртібін ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ТМД аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, көлік дәліздерін цифрландыру, көші-қонды реттеу және жасанды интеллект қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар бастама көтерді. Бұл ұсыныстар Түрікменстанның Аваза қаласында өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 61-пленарлық отырысында айтылды.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай делегациясы Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің жиыны мен 61-пленарлық отырысына қатысты.
Құрылтай Төрағасы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматы декларациясына қол қойылуы ТМД елдерінің тарихындағы маңызды оқиға болғанын атап өтті. Бүгінде Достастық халықаралық деңгейде кеңінен танылған беделді өңірлік ұйымдардың біріне айналды.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

— Бүгінгі таңда ТМД біздің мемлекеттеріміздің арасындағы саяси диалогты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жан-жақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету үшін тұрақты әрі біріктіруші платформа ретінде қызмет етуде. Сонымен қатар, парламенттік бірлік ТМД ішіндегі интеграциялық процестерге ерекше құқықтық тұрақтылық беріп, Достастықтың институционалдық негізін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Құрылтайы ұйым шеңберінде серіктестерімен одан әрі сындарлы өзара іс-қимылға дайын екенін білдіреді, — деді Айбек Дәдебай. 

Бұдан кейін Құрылтай Төрағасы әріптестеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы айтып берді. Қоғам Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру идеясын қолдап, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, ел бірлігі мен қоғамдық келісім төңірегінде топтасты. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, Вице-Президент лауазымы енгізіліп, Қазақстанның Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Бес саяси партияның өкілдері енген бір палаталы Құрылтай жасақталды. Осылайша, «Күшті Президент — ықпалды Құрылтай — есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы іс жүзінде жүзеге асырылып отыр.

Мемлекет басшысының жуырдағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен соңғы жеті жылдағы жетістіктерге тоқталған Айбек Дәдебай Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, Қазақстанның ЖІӨ 2026 жылы 400 миллиард долларға жуықтап, ал оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың долларды құрайтынын атап өтті. 2027 жыл елді түбегейлі өзгертетін Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланды. Барлық өңірде жолдар, әуежайлар, теміржол вокзалдары, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Сондай-ақ Құрылтай Төрағасы 2019–2025 жылдары Қазақстанға 155,8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 625 өндіріс орны іске қосылғанын жеткізді. Бұның бәрі еліміздің алдағы дамуына берік негіз қалайды.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары туралы сөз қозғаған Құрылтай Төрағасы 9 қазанда Авазада өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу туралы бастама көтергенін еске салды.

Айбек Дәдебайдың пікірінше, құжатта елдердің ұлттық заңнамаларын өзара үйлестіру және парламенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту ісінде Парламентаралық Ассамблеяның рөлін нақты айқындау қажет.

Қазақстан делегациясы көлік саласындағы бірлескен жұмысқа қатысты да өз ұсыныстарын білдірді. Биыл мамырда ТМД үкімет басшылары Қазақстан Президентінің бастамасымен әзірленген негізгі көлік бағыттарын өзара байланыстыру Тұжырымдамасын қабылдаған еді. Онда «бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыруға ерекше мән берілген. Ол тасымал үдерістерін цифрландыруды, электрондық құжат айналымын енгізуді және шекарадағы рәсімдерді өзара үйлестіруді көздейді. Осыған байланысты Құрылтай Төрағасы Ассамблеяға ТМД-ның транзиттік-көлік әлеуетін арттыруға атсалысып, бұл бағыттағы жұмыстарға қажетті парламенттік қолдау көрсетуді ұсынды.

Отырыстың күн тәртібіне көшкен Айбек Дәдебай ТМД елдері арасында көші-қон үдерістерін реттеудің ортақ тәсілдерін қалыптастыру және көші-қон саласын басқарудың цифрлық тетіктерін дамыту қажеттігіне назар аударды. Жасанды интеллект пен жаңа технологияларды террористік және экстремистік мақсатта пайдалануға қарсы іс-қимылдың заңнамалық негіздеріне жеке тоқталды. Құрылтай Төрағасы заңнама қазіргі сын-қатерлерге дер кезінде жауап беріп қана қоймай, жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдердің де алдын алуы керектігін атап өтті. Бұл ретте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инновацияларды дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін жеткізді.

Сауда және әкімшілік кедергілерді жою, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де күн тәртібінде көтерілді.

Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Көші-қонның ортақ кеңістігі тұжырымдамасының жаңа редакциясын, «Жасанды интеллект пен робототехниканы террористік және экстремистік мақсатта пайдалануға қарсы іс-қимыл туралы» модельдік заңды, сондай-ақ бірқатар басқа модельдік заңдар мен ұсынымдарды қабылдады.
Отырыс қарсаңында, 19 қарашада Айбек Дәдебай ТМД ПАА Кеңесінің отырысына қатысып, әріптестеріне Құрылтай депутаттарының сайлауында Ассамблея атынан байқаушы болғандары үшін алғыс айтты.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Ассамблея аясында ТМД ПАА делегациялары басшыларының Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуі өтті.
Сондай-ақ Құрылтай Төрағасы Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесті. Тараптар парламентаралық байланыстарды дамыту және екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ Құрылтай депутаттары ТМД ПАА-ның Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясы мен Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырыстарына қатысты.

ТМД-ға мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясы 1992 жылы 27 наурызда Алматыда құрылған. ТМД ПАА-ға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

Еске сала кетейік, Құрылтай депутаты Марат Қожаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды.