Қазақстан ТМД елдерінен 3,5 млрд $ агроөнім сатып алды
Өткен жылы еліміздің ТМД елдеріне экспорт көлемі 3 млрд АҚШ долларға жетіп, 27% артқан. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Ауыл шаруашылығы өндірісін жеделдетіп әртараптандыруға, агротехнологияларды, оның ішінде суды үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыруға баса назар аударамыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту керек, мал шаруашылығында генетикалық әлеуетін арттыру қажет. Бүгінде экспорт нарығын кеңейту бағытында іс-шаралар қабылданып жатыр», - Айдарбек Сапаров елордада өтіп жатқан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін ТМД елдері ең ірі сауда серіктесі.
«2022 жылы ТМД елдерімен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымы 23%-ға ұлғайып, 6,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымының 60%-ы. Өткен жылы еліміздің ТМД елдеріне экспорт көлемі 3 млрд АҚШ долларына жетіп, 27% артты. Бұл республиканың агроөнеркәсіптік кешені экспортының 56%-ына тең. Одан бөлек, Қазақстан ТМД елдерінен 3,5 млрд долларға агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сатып алды», - дейді ол.