Құрылыс жұмыстарының қазіргі дайындық деңгейі – 93%. Жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Аумағы 5,3 мың шаршы метр болатын төрт қабатты ғимаратта жеті заманауи операциялық зал, 15 төсектік реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі, сондай-ақ орталық стерилизация бөлімшесі орналасады.
Жаңа корпустың басты ерекшеліктерінің бірі – интеллектуалды операциялық зал. Ондағы жабдықтар күрделі хирургиялық араласулардың әртүрлі түрін жасауға мүмкіндік береді.
Қарқынды терапияны қажет ететін пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштері тәулік бойы заманауи мониторинг жүйесі арқылы бақыланады. Ал операциялық залдардағы арнайы ауа тазарту жүйесі хирургиялық араласу кезінде қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етеді.
Жаңа корпустың ашылуы операциялар санын арттырып, күрделі онкологиялық ауруларды емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ Қарағанды облысы тұрғындарының өз өңірінде жоғары технологиялық медициналық көмек алуына жол ашады.
Жоба еліміздің медициналық инфрақұрылымын жаңғыртуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Осыған дейін елде бір мезетте 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатқаны туралы жаздық.