Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруға басымдық бермек

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының ұлттық жүк әуе компаниясын дамыту, сондай-ақ теңіз және теміржол тасымалдарын ұлғайту бойынша тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Фото: Үкімет

Жиында Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» және Turlov Private Holding жүк әуе компаниясының жұмысын ұйымдастыру және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдері тыңдалды.

Фото: Үкімет

— Транзиттік жүк хабы ретінде Қытай — Қазақстан — Батыс Еуропа бағыты бойынша қолайлы жағдай жасау үшін әуе кемелерін кезең-кезеңімен шығаруды, бәсекелестік құны бойынша авиаотынмен қамтамасыз етуді қоса алғанда, операциялық қызметті жедел іске қосу мәселелері қаралды. Ілеспе инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде әуежай қуатын, жүк терминалдарын, қойма логистикасына назар аударылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Орталық Азия өңірінен Кавказға және Батыс Еуропа елдеріне тасымалдау көлемін ұлғайту үшін қазақстандық «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттарын тиеу шаралары талқыланды.

Фото: Үкімет

Теміржол саласы бойынша өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ тарифтік саясатты жетілдіру үшін инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қазақстандық теміржол желісін дамыту жоспарлары айтылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» аясында экотуризм мен волонтерлік қозғалысты күшейтуді тапсырды.