Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қызығушылық танытады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздерден кейінгі брифингте айтты.
- Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отырғанын айтты.
- Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.