«Қазақстан» ТРК «Өмірге үміт сыйла» акциясын бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 9 қыркүйек күні «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесе отырып, «Өмірге үміт сыйла» атты акциясын бастады. Корпорацияның әрбір қызметкері өз еркімен Қазақстанның донорлары қатарын толықтыруға мүмкіндігі бар. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Корпорацияның әрбір қызметкері қан тапсыра отырып, игілікті іс жасайды. Бұл адамның жүрегіндегі мейірім мен ізгілік қасиеттерін оятып қана қоймай, денсаулығына да жақсы әсер етіп, тән мен жанның үйлесімділікте болуына ықпал етеді.

Көбінесе, қанды қашан тапсырамыз? Туған-туыстарымыз немесе достарымыз ауруханаға түскен жағдайда немесе көмек сұраған кезде ғана тапсырамыз. Қалған жағдайларда бұл мәселеге мән бермейміз. Аталған акция ертеңгі күнді бүгін ойлауға шақырады.

«Қазақстанда жыл сайын 200 мың литр қойытылған қан, 80 мың литр плазма, 60 мың литр құрамында эритроциті бар орта және шамамен 18 мың тромбоконцентраттың емдік дозалары дайындалады. Бірақ та донорлық материалдағы 100% пайыз қажеттілікті жабу үшін аталған көлем өте аз. Бұл ретте, әрбір қазақстандықтың донорлық саналығы шешуші рөл атқара алады. Дұрыс шешім қабылдап, қан тапсырыңыз. Өзіңізді донор болуға итермелеңіз. Қазіргі таңда Қазақстанда әрбір 1000 ауруға 18 донордан келеді, ал Батыста бұл көрсеткіш 40-тан 60-қа дейін жетеді.

Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанның донорлар саны 2 есе қысқарды. Бұған себеп те көп. Алайда қан доноры атануға ешқашанда кеш емес», - делінген хабарламада.

Донор болам деген әр бір азамат облыстық және Астана, Алматы қалаларындағы 23 қан орталығының біріне қан тапсырып, донорлық қозғалысқа өз үлесін қоса алады.

250-450 мл. қан тапсырған сау адамға бұл көрсеткіш денсаулығына да, өміріне де зиян келтірмейді, керісінше қаншама адамның өмірін құтқарып қалады.

Адамның денсаулығына қан тапсыру өте пайдалы. Бұл ферритинді төмендету арқылы жүректің ишемиялық ауруларынан сақтайды, себебі ұлпадағы артық темір мөлшері жіті коронарлық синдромның белгісі болып табылады. Эритропоэзді ширатады (қанның қызыл жасушаларының жаңаруы), ұлпалық метаболизмді және газ алмасуды жақсартады. Қан айналымындағы токсиндердің басым бөлігі қанмен бірге жойылады.

18 жасқа толған, медициналық тексерістен өткен, сау және қан тапсыруға ниет білдірген Қазақстанның әр бір азаматы донор бола алады. Донор бұдан бұрын ауырған немесе қазіргі кездегі дерттері туралы хабарлауға міндетті.