Қазақстан цифрландыру бойынша аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді - Тамаш Шуйок

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан Президенті баспасөз брифингі барысында елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.

– Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін, – деді Тамаш Шуйок.

Осыған дейін Қазақстан мен Мажарстан халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуге келіскені туралы жаздық.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президентін Ақордада қарсы алды.