Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыруды стратегиялық міндет ретінде белгіледі. Бұл бағытта жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту көзделген.
Тілектес Адамбековтың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қажетті технологиялық негіз қалыптасып келеді. Қазір елімізде екі суперкомпьютер іске қосылған, үшіншісін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар деректер орталықтарын дамыту маңызды.
— Қазір ақпаратпен дұрыс жұмыс істеп, оны тиімді пайдалану өте маңызды. Ірі халықаралық компаниялар Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеуі үшін бізде қажетті инфрақұрылым болуы керек. Сондықтан деректер орталықтарын дамытуға басымдық беру қажет. Президент цифрландыруды тек IT саласымен шектемей, экономиканың басқа бағыттарына да енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қаржы және өзге де салаларда жасанды интеллектіні қолдануымыз керек, — деді депутат.
Оның пікірінше, Қазақстанға NVIDIA компаниясының басшысының келуі де еліміздің технологиялық әлеуетіне деген халықаралық қызығушылықты көрсетеді. Бұл отандық IT саласын дамытуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
— Жасанды интеллект жылының жариялануы бұл бағытқа үлкен серпін берді. Қазір мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өз жұмысына жасанды интеллектіні енгізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, алдағы уақытта да ауқымды жоспарлар бар, — деді Тілектес Адамбеков.
Депутат цифрлық экономиканы дамыту үшін энергетикалық инфрақұрылымның да маңызы зор екенін атап өтті. Себебі суперкомпьютерлер мен деректер орталықтарының жұмысы көп көлемде электр энергиясын қажет етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы бес жылда энергия өндіру көлемін арттыру міндетін қойған.
Инвестиция тарту мәселесіне тоқталған Тілектес Адамбеков шетелдік инвесторларға елде жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, инвестор Қазақстанға келген сәттен бастап виза рәсімдеу, мамандарды елге әкелу және өзге де әкімшілік мәселелер бойынша нақты көмек алуы керек.
— Инвестор елге келгенде, оған әр қадам бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, барлық рәсімнен өтуге көмектесу қажет. Жолдауда инвестиция тарту міндетінің «Бәйтерек» холдингіне жүктелуі — дұрыс шешім. Өйткені бұл бағытта жауапты ұйым нақты айқындалады. Қазір Қазақстанға қызығушылық танытып отырған инвесторлар аз емес. Астана халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub, индустриялық парктер мен арнайы экономикалық аймақтар — шетелдік компаниялар үшін маңызды алаңдар, — деді ол.
Депутат шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін түсінікті салық жүйесі мен қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігі бизнестің дамуына серпін беруі ықтимал.
— Шағын және орта бизнес өкілдері мораторий аяқталғаннан кейін тексерулер көбейе ме деп алаңдайды. Мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, түсінікті әрі ыңғайлы салық жүйесін ұсынуы керек. Кәсіпкер ашық жұмыс істеп, салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын құрып отырса, оның дамуына кедергі келтірмеу қажет. Меніңше, үш жыл ішінде шағын және орта бизнестің өсуіне жақсы мүмкіндік бар, — деді депутат.
Сонымен қатар ол жаңа Салық кодексіне қатысты кәсіпкерлерден түсіп жатқан өтініштер мен ұсыныстарды назардан тыс қалдырмау керегін айтты. Бұл мәселеде депутаттар мен Үкімет бірлесіп жұмыс істеп, бизнеске түсінікті ортақ шешімдер қабылдауы қажет.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе — бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау. Тілектес Адамбековтің сөзінше, мемлекеттік органдардың жұмысы бірнеше деңгейде тексеріледі. Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізеді, ал депутаттар бюджет жоспарларын қарап, мемлекеттік органдардың есебін тыңдайды.
— Біз бюджет қаражатының қайда және қандай мақсатқа жұмсалғанын жыл сайын тексереміз. Парламентте ай сайын немесе екі-үш ай сайын мемлекеттік органдардың есептері тыңдалады. Ең бастысы — бөлінген қаражаттың нақты нәтижесін көру. Халық үшін қандай жұмыс атқарылғанын және оның қандай пайдасы болғанын білуіміз керек, — деді ол.
Депутат «Халықтық құрылыс» бастамасының да маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобалар ірі қалалармен шектелмей, өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға да ықпал етуі тиіс. Атап айтқанда, әуежайлар, вокзалдар мен өзге де маңызды нысандарды жаңғырту ел экономикасына оң әсер етеді.
Тілектес Адамбековтың пікірінше, цифрлық технологияларды дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, энергетикалық қуатты арттыру және қабылданған шешімдердің нақты нәтижесін тұрақты бақылау қажет.