Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдерінің еңбекші мигранттар арасында туберкулезге қарсы күрес жүргізу жөніндегі аймақтық ынтымақтастығына арналған баспасөз мәслихатында мәлім болды.
ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күресуге арналған жаһандық қордың қаржысы есебінен ДДСҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары халықаралық федерациясымен серіктесе жүзеге асырып отырған ХОУП (Project HOPE) жобасының бағдарламасы Кешенді жоспарға қолдау көрсетіп, еңбекші мигранттар ең көп шоғырланған еліміздің 7 өңірінде жүзеге асырылуда. Арнайы іріктеліп алынған медициналық ұйымдар барлық мигранттарға туберкулезді диагностикалау және емдеу бойынша қызметтерді көрсететін болады.
«Биылғы жылдың 19-20 қараша күндері аралығында Астанада Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей өкілдерінің жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Кездесу кезінде Кешенді жоспар аясындағы құжат, яғни таяу жылға арналған Әрекеттер жоспары немесе Жол картасы қабылданды. Бұл құжатта қабылдаушы ел аумағында және де өз отанына оралғаннан кейін мигранттар арасында туберкулезді диагностикалау және емдеу мақсатында жүргізілетін шаралар қамтылған. Орталық Азия елдерінің өкілдері де Әрекеттер жоспарына өз толықтыруларын енгізгенін атап өткіміз келеді», - деді Қазақстандағы Project HOPE өкілі Бахтияр Бабамурадов.
Спикерлер атап өткендей, туберкулезге шалдығуға жағдай жасап отырған негізгі себептер ретінде мигранттардың осы дерт туралы хабардарлық деңгейінің төмен болуы, өмір сүру сапасының төмендігі және қоғам тарапынан қолдаудың жоқтығы ықпал етуде. Қабылданған Әрекеттер жоспарына сәйкес, таяу 12 айда жұмыс үш бағытта жүргізілетін болады. Біріншіден, мигранттар арасындағы туберкулезге қарсы күресу мәселелері жөнінде аймақтық немесе екіжақты мемлекетаралық негізгі келісімді дайындау. Екіншіден, Орталық Азия аймағында мигранттар арасындағы туберкулез туралы ақпараттармен алмасу тетігін әзірлеу қамтылған. Ал үшінші бағыты - мигранттардың баратын елінде олардың диагностика және емдеумен байланысты көмектерге жүгінуін ынталандыру мақсатында мигранттардың өздері тұрып жатқан елден шығар алдын оларға «қолдау көрсетуші ортаны» құру, яғни мигранттар арасында туберкулезді диагностикалау және емдеу кезінде туындауы мүмкін кедергілерді жою үшін қызметтерді ұсыну.
Сонымен қатар, мигранттарды ақпараттандыру және ағарту, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған іс-шараларды жүргізу, туберкулезді емдеуге қатысты нормативтік құжаттарды дайындау немесе оларды қайта қарастыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Project HOPE» Денсаулық сақтау қоры (ХОУП жобасы) Туберкулезге трансшекаралық бақылау жүргізуге арналған әрекеттер жоспарын немесе жол картасын дайындаумен тікелей аналысқан халықаралық үкіметтік емес ұйым.